"Ғ. АҚТАЕВ АТЫНДАҒЫ № 6 ОРТА МЕКТЕП" МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
0
Мектеп тарихы

Ақтөбе қаласындағы № 6 мектепті қала, облыс жұртшылығы «қара шаңырақ» деп атайды. Оның бұлай деп аталуы заңды да.

Тәуелсіздік пен егемендік алған 15 жылда бул мектептен қаншама мектептер бөлініп шығып, шаңырақ көтерді. Олардың қатарында №42, №15, №13, №52 орта және негізгі мектептер бар. «Қарашаңырақ» өзінен бөлініп шыққан мектептердің педагогикалық ұжымын қалыптастырып, өз дәрежесінде жұмыс жасап, аяғынан тік тұрған оқу-тәрбие ордасына айналуына көмек көрсетті және осы міндетін жаңылмай атқаруда. 

Біздін мектебіміздің табылдырығын алғаш рет аттау рәсімі 1927 жылдан басталады. Содан бері мыңдаған түлектер мектепті бітіріп, қолдарына аттестаттарын алып, өмір мұхитына аттанды. 

Қазіргі мектептің орнында ең алғаш татар мектебі, ал оның ішінде бастауыш қазақ кластары болған. Кейін қазақ балалары көбейсе керек, 1937 жылы орта мектепті бітірген алғашқы түлектерге кәмелеттік аттестат берілген.

Мектепте сақталған оқушылар суретінде 1937 жылғы түлектер есімдері жазылған Олар: Шүкірова Моншақ, Дүйсенов Какеш, Набиева Жәмила, Кауканов Ратбай, Алдабергенов Өтеміс, Қуатова Мәриям, Қуандықов Қапаш.

Бір кездерде осы мектепте оқыған Хатима Қалбиқызы былай деп еске түсіреді: «Мен № 6 қазақ орта мектебінің табалдырығын 1 қыркүйек 1933 жылы аттадым. Ол кезде мектеп үйі осы күнгі Шернияз, Некрасов көшелерінің бүрышындағы тері-жұқпалы аурулар ауруханасының орнында еді. 1938-1940 жылдар аралығында мыңнан аса оқушы, үлкен хор, ұлт аспаптар оркестрі болды. 1942 жылы 9-класты 5 оқушы бітірдік, олар: мен, Жұмашев Ынтымақ, Жұмашев Жанұзақ, Сүлейменов Шәһи және Жексенов - бесеуіміз. 1942 жылы қыркүйекте 4 бала әскерге алынды» - дейді. 

Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Баймұхамедова Зияда Мырзагелдіқызының еске түсірген жазбаларында (ол 1953 жылдан бастап 1962 жылға дейін осы мектепте директорлық қызмет атқарған) № 6 қазақ орта мектебінің жанында малшылардың балаларына арналған 200 орындық пансионат болған. Соған қарағанда, соғыстан кейінгі жылдарда мектеп жанында ауыл балаларына арналған интернат болған сияқты. Мектеп өзінің ұзақ жылғы тарихында талай түлектерді ұшырса керек. Әр жылдарда мектептің атауы да өзгеріп отырғанға ұқсайды. Мектептің ең алғашқы түлектерінің бірі Рауза Зейнолқызы Оспанова бір кездерде мектеп Т.Жүргенов есімімен аталғандығы жөнінде өзінің Мақтау қағазын негізге ала отырып айтады. 1936 жылы мектепке К.Е.Ворошилов келген. Сол кезден бастап қазақ зиялыларының қуғынға ұшырауына байланысты Т.Жүргенов есімі алып тасталып, мектеп К.Е.Ворошилов есімімен аталған. Ал 1995 жылғы 23 қарашадағы Ақтөбе қалалық маслихатының 8-сессиясының шешіміне сәйкес мектепке Ғұбайдолла Ақтаев есімі берілді. Ғұбайдолла Ақтаев 1936 жылдан бастап № 6 мектепте математика пәнінің мұғалімі болса, ал 1948 жылдан 1950 жылға дейін мектеп директоры болған. Оның педагогикалық қызметінің 37 жылы осы мектеппен байланысты.

№ 6 орта мектеп өзінің 80 жылдық тарихында үш оқу корпусында оқыған. Ең алғашқы оқу корпусы - қазіргі тері-жуқпалы аурулар ауруханасы. Екіншісі қазіргі мектептің орнындағы екі қабатты оқу корпусы болған. Ал 1978 жылы мектеп № 1 орта мектеппен қосылып, бүгінгі ғимаратына көшіріліп, қазақ-орыс мектебі деп аталды. 1990 жылы таза қазақ орта мектебі болды және «Еңбек және соғыс ардагерлері» мұражайы ашылды. 1993 жылы «Алтын қазына» мұражайы ашылды. Қалалық ғылыми-әдістемелік «Елім-ай» орталығы құрылды. 1995-1999 жылдары З.И.Құдайбергенованың авторлық мектебі жумыс жасап, Білім Министрлігі үш бөлімді «Өнер әліппесі» оқулығын бекітті. 1997 жылы оқушылардың «Жас дарын» ғылыми қоғамы құрылды. Мектеп директорының әдістеме ісі жөніндегі орынбасары К.Д.Қоңырбаева «Дебат» халықаралық бағдарламасын Ақтөбе қаласы мен облыста таратты. 2001 жылы 11 «А» сынып оқушысы Наурызова Еңлік туңғыш  Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қолынан «Алтын белгі» алды. 2001 жылы физика пәні бойынша республикалық олимпиада жүлдегері Жұбаев Әлімжан Сабыржанұлы Тайваньның Тай-пей қаласында Халықаралық ғылыми жобалар жарысының жүлдегері атанды. 2001 жылы мектеп директоры К.С.Өтегенова «Отан» партиясының республикалық съезіне қатысты. 

80 жылдық тарихында мектептен елімізге белгілі тұлғалар шықты. Олар: Жансен Кереев, Ізтай Мәмбетов, Бәкір Тәжібаев, Ким Серікбаев, Кежек Ысқақов, Мухамбет Адайбеков, Салимгерей Жалимбетов, Сапар Сағынтаев, Петр Тұрмағанбетов.Есболай Мусин, Сәруар Ділмағанбетов , Ерлан Карин , т.б.

Ал 1991 жылдан бастап Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуына байланысты таза қазақ мектебі болып қалыптасты.

Қазіргі мектеп ғимараты 1978 жылы пайдалануға берілген. Бұл мектеп - жаңа үлгімен салынған типтік мектеп, жалпы ауданы - 5301,30 м2. Үш қатарлы, үлкен спорт залы, 35 кабинеті және асханасы бар еңселі ғимарат. Осы бір алыстан көз тартатын білім ордасы өзінің 70 жылдық мерекесін 1997 жылы қараша айында атап өтсе, биыл 2007 жылы 11 қазанда өзінің 80 жылдық мерекесін атағалы отыр. Тәуелсіздік алған 15 жыл ішінде 56 мектеп түлегі үздік бітірсе, 7 түлек «Алтын белгі» төсбелгісімен марапатталды.

1995 жылы 27 маусымда «Ақтөбе» газетінің № 76 санында журналист Әмір Оралбай «Ұстаз ұлағаты» деп аталатын мақаласын жариялады. Осы мақалада ұстаз Ғұбайдолла Ақтаев туралы нақты деректер берілген. Осы мақаладан кейін мектеп ұжымы Ғ.Ақтаев есімін мектепке беру туралы мәселені талқылап, арада 5 ай өткен соң, мәселе оң шешіліп, Ғ.Ақтаев есімі мектепке берілді. 

12 қыркүйек 1995 жылы «Ақтөбе» газетінің № 108 санында «Ақтаевтың атымен аталса» деген ұсыныс мақала жарық көрді. 1995 жылы 12 желтоқсанда Ғ.Ақтаевтың туғанына 90 жыл және № 6 орта мектепке есімін беру туралы салтанатты жиын өтті.

 

Мектеп  даңқын  шығарар  түлектері

 

Сөзін жазған Сәдуақас Шотов

Қалада тарихы мол мектебіміз, 
Өзінше бай шежіре өткеніміз. 
Дарындар өнегелі із қалдырған,
Өзіндік сырлары бар жеткеніміз.

Мектебім - тарихы мол білім орда,
Біліммен сусындаған талай түлға. 
Басқарып мектебімде дәріс еткен 
Атында Ақтай ұлы Ғұбайдолла.

Рабиға апамыз да дәріс еткен, 
Мол білім, зор шабытты қабілетпен. 
Бүгінде бәрімізге зор мақтаныш
Тілші ғалым атағын мәлім еткен.

 Түлеп ұшып Ізтай мен Сағи аға,
Ақын болып, ғалым болып шыққан дара.
Оқыған еліміздің батыр ұлы
 Кереев Жансен атты генерал да. 

Талайлар түлеп ұшып шығар әлі, 
Түлегі мектеп даңқын шығарады. 
Ұстаздар шәкіртімен гүлденеді, 
Ғұмырын із қалдырып ұзартады.

 

Бұл өлең жолдарын мектептің 70 жылдық мерекесі қарсаңында өзіміздің ортамызда еңбек еткен тарих пәнінің ұстазы Шотов Сәдуақас жазған болатын.